×

Қазақтардың орыс тілін меңгергені жақсы, бірақ өз тілін білуі қажет – Тоқаев

Президент елде қазақ тілінде білім алуға сұраныстың күшейгенін айтты

 Динара Амантай 15.06.2022 | 16:48
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия 24» телеарнасында берген сұхбатында журналист Андрей Кондрашовтың Қазақстандағы тіл мәселесіне байланысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол Қазақстандағы орыс тілінің аясы тарылып, тіпті кемшілікке ұшырады дегендердің сөздері шындыққа мүлдем жанаспайтынын баса айтты.

Бұл қауесеттің бәрі жағдайды ушықтандыру үшін арам пиғылды топтың ойлап тапқаны. Оны не үшін жасап жатқаны басқа мәселе. Негізінде мен оның жауабын білемін. Бірақ бұл біздің қазір талқылап отырған әңгімеміздің тақырыбы емес, – деді Тоқаев.

Сонымен бірге Президент елдегі орыс мектептерінің саны азаймағанын алға тартты.

Мен бұған сенімдімін. Орыс тілінде білім беретін мектептердің санына келсек, олар сол күйінде қалды. Негізгі мәселе – қазақ тілінде білім алуға сұраныстың артып отырғаны. Мұны да ескеру қажет. Себебі мемлекетіміздің Қазақстан деген атауының өзінде «қазақ» деп тұр. Яғни, қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтардың мүддесін қорғап, балаларын қазақ балабақшасы мен қазақ мектебіне бере алуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл жерде, меніңше, географиялық тұрғыда қазақтарға орыс тілін білу маңызды екені айтпаса да түсінікті, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен орыс халқы Құдай қосқан көрші екенін айтып, екі ел арасындағы тату қарым-қатынасты ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақтардың орыс тілін меңгергені жақсы, бірақ өз тілін білуі қажет», – деп түйіндеді ол сөзін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама