Үкімет пен облыс әкімдеріне прокурорлық қадағалау актілері енгізілді
Биыл әкімдіктердің 1652 лауазымды қызметкері түрлі жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс-шараға Президент әкімшілігінің, Үкімет аппаратының жауапты лауазымды қызметкерлері, салалық министрлік басшылары, облыс прокурорлары және әкімдері қатысты.
Жиында Бас прокурор халықпен кері байланыс орнатуға ықпал ететін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын нығайтуға бағытталған шараларды атап өтті. Олардың қатарында әкімшілік әділет реформасы, «E-Otinish» платформасының енгізілуі, жаңа коммуникация арналарының құрылуы және басқа да институттар бар.
Қоғамдағы «Заң және Тәртіп» идеологиясын бекіту мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың тиімді тетіктерін құрумен тікелей байланысты. Әкімдіктердегі жолданымдармен жұмыс сапасы билікке деген сенім деңгейін ғана емес, сонымен қатар, жалпы елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету ықпал етеді, – деп атап өтті Берік Асылов.
Бұл ретте халықты ең көп толғандыратын салаларға назар аударылды. Атап айтқанда: жер, құрылыс мәселелері, әлеуметтік сала, тұрғын үй және коммуналдық қызмет мәселелері, әкімдердің тұрғын үй комиссияларының шешімдеріне қатысты.
Отырыс аясында прокурорлық тексерулердің нәтижелері мен қабылданған шаралар айтылды.
Биылғы 10 айда орталық мемлекеттік органдарға 2,1 млн, жергілікті атқарушы органдарға 1,1 млн жолданым түскен. Тексеру барысында жолданымдарға формальды жауап беру, созбалаңдық, мерзімдер мен рәсімдерді сақтамауға жол берілетіні анықталды. Прокурорлар анықтаған заңбұзушылықтар бойынша Үкімет пен облыс әкімдеріне прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Түрлі жауапкершілікке әкімдіктердің 1652 лауазымды қызметкері, оның ішінде 601 басшылық құрамдағы адамдар тартылды, – делінген хабарламада.
Үкімет пен әкімдіктер жасанды интеллект арқылы қоғамға сезімтал мәселелерді талдауды ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлеуетін кеңінен пайдалануға бағытталды.
Облыс прокурорларына уәкілетті органдармен бірлесіп, өтініш берушілердің барлық бұзылған құқығын қалпына келтіру және заңсыз шешімдердің күшін жоюды талап ету тапсырылды.
Талқылау нәтижелері бойынша уәкілетті органдарға шағымдарды қарау сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс әзірленді.