Мен халыққа парламенттік жүйені уәде еткен жоқпын – президент
Төменгі палатаның келесі сайлауы мүлдем жаңа ережелер бойынша өтеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында «Суперпрезиденттік басқару формасынан бас тарту елдегі саяси ахуалға қауіп тудырмай ма?» деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, мұндай өзгерістің болғаны дұрыс.
Қазақстанда азаматтық қоғам толысқан, дәл осы жүйеге сұраныс аса жоғары. Кейбір белсенділер мен батыстағы бақылаушылар үндеп жүрген парламенттік жүйеге ауысу туралы айтар болсақ, әрине, мен халыққа мұндай жүйені уәде еткен жоқпын. Бұл жүйе геосаяси жағдайдың дәл қазіргідей шиеленісіп тұрған кезеңінде бізге сай келмейді деп санаймын, - деді президент.
Сондай-ақ ол ықпалды парламенті бар өркениетті президенттік жүйеге өту ел үшін өте қажет деп есептейді.
«Парламентке келетін болсақ, төменгі палатаның келесі сайлауы мүлдем жаңа ережелер бойынша өтеді. Оның 70 пайызы – пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізім бойынша өтсе, ал 30 пайызы – бір мандатты округтер бойынша мажоритарлық жүйе», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.