БАҚ өкілдері қиналып жүргенін айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет ғимаратындағы интернет неге дұрыс жұмыс істемейтінін анықтап, мәселені шешуге уәде берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында ведомство басшысына «Журналистер Үкімет ғимаратында қашан сапалы интернетті пайдаланады? Мысалы, мен осында Wi-Fi-ға қосыламын. Ол дұрыс жұмыс істемейді. Altel, Activ байланыс операторларының мобильді интернетін пайдаланғым келеді. Бірақ олар да істемейді. Қателеспесем, осындай жағдайға 3 ай болды. Не Wi-Fi, не мобильді интернет дұрыс жұмыс істемейді. Сіз қашан мәселені шеше аласыз?» деген сауал жолданды.
Жаслан Мәдиев оны шешу үшін бірнеше ай керегін атап өтті.
Маған мұндай сұрақ қойылды. Үкімет ғимаратында антенна-мачталық құрылғы орнатылғалы жатқанын айттым. Осы антеннаға базалық станция орнатылады. Бұл жұмыс бірнеше ай жүргізіледі. Үкімет ішіндегі Wi-Fi мәселесіне тоқталайын. Байланыс операторын анықтайық. Ол «Қазақтелеком» ба, «Транстелеком» ба? Мәселе модемде де болуы мүмкін. Мәселені қарастырайық, – деді министр.