2025 жылы 220-дан аса жолаушылар вагоны сатып алынады – министр

Дәурен Ерболат

Бүгінде вагондардың 44%-ы тозған

Фото: Halyq Uni

Келесі жылы 220-дан аса жолаушылар вагоны сатып алынады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жолаушылар вагоны паркіне тоқталайын. Өткен жылы 118 жаңа вагон сатып алынса, биыл 143 вагон жеткізіледі (113 вагон жеткізілді, жыл соңына дейін тағы 30 вагон жеткізіледі деп жоспарланып отыр). Келесі жылы 226 вагон сатып алу жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға дейін 1 мың 200-ге жуық жолаушылар вагоны сатып алынады. Нәтижесінде вагон паркі 3 мың данадан асып, оның тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді (қазіргі көрсеткіш – 44%), -–деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, елімізде 139 мың жүк вагоны бар. 

Бұл нарықта 300-ден астам жеке операторлар жұмыс істейді. Оның ішінде «Қазақстан темір жолына» (ұлттық оператор) 38 мың вагон тиесілі. Олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни елдің энергетикалық секторына және халыққа көмір жеткізуге жұмылдырылған. 2026 жылға дейін ұлттық оператор қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 800-і биыл пайдалануға берілді, - деді министр.

Марат Қарабаев бұл жұмысты іске асыру үшін арнайы компания құрылатынын жеткізді. 

«Осы міндеттерді орындау үшін отандық өндірушілердің вагондарын сатып алу мүмкіндігімен жалға беретін біріккен лизингтік компания құру ұсынылады», - деді ведомство басшысы.