Алматы облысында 60-тан аса құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

Динара Амантай

Екі ЖШС лицензиясынан айырылды

Фото: Halyq Uni

Алматы облысында 60-тан аса құрылыс компаниясы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы инспекторлары ауқымды тексерістер жүргізіп, құрылыс нормалары мен ережелерін бұзудың жүздеген фактісін анықтады.

Тексерістердің қорытындысы бойынша 78 әкімшілік материал әзірленді. Олардың 28-і облыстық соттарға жолданды, ал қылмыстық іс қозғалмаған құқықбұзушыларға жалпы сомасы 14 млн 644 мың 140 теңге айыппұл салынды. Тексерістер барысында 23 заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Олардың материалдары да сотқа жолданды. Заңсыз салынған құрылыстар, оның ішінде Талғар ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешені, бұзылуға жатады. Қазір 4 сабан үй бұзылып, 7 нысанға бұзу туралы талап-арыздар жолданды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қонаев қаласындағы оқу корпусының, «Eco-Park Alatau» ТК-ның кәріз жүйелері мен Райымбек ауданындағы су бөгеттерінің құрылысы барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына қатысты шаралар қабылданды. 61 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды, оның екеуі — «Sheberbuild» ЖШС және «Жаңарту» ЖШС Сот шешімімен лицензиясынан айырылды.