Танымал испаниялық режиссер Карлаг туралы фильм түсіреді
«Қағаз үй» сериалының режиссері Қазақстан тарихы жайлы кинотуынды түсірмек
Испаниялық «Қағаз үй» сериалының режиссері Карлаг туралы фильм түсіреді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Netflix-пен эксклюзивті келісімшарт бойынша Карлаг туралы «Бітімгершілік» /La Tregua атты қазақстандық-испандық фильмнің түсірілімі басталды. Картинаның бас режиссері – «Қағаз үй» сериалымен көрермендерге танымал Мигель Анхель Вивас.
Фильмде адамдардың қиын тағдыры, өмір сүру үшін күнделікті күреске қарамастан, адамның қадір-қасиетін сақтау туралы айтылады. Жұлдызды режиссер актерлердің шеберлігіне ерекше назар аударады. Жаңа фильмдегі басты рөлдерді бұрын «Қағаз үй» телехикаясында Рио рөлін сомдаған Мигель Эрран және «Элита» драмасында Андер Муньосты бейнелеген Арон Пипер, сондай-ақ қазақстандық актерлер Дина Тасболатова, Алтынай Нөгербек, Сергей Уфимцев және Фараби Ақкөзов сомдайды, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының әкімдігі.
1930–1950 жылдардағы Карлаг атмосферасы костюмдермен, реквизиттермен және декорациялармен беріледі. Оларды жасау үшін суретшілер мұрағаттар мен мұражайларда көп уақыт өткізген екен. Бастапқыда фильмді Қазақстанда түсіру жоспарланған болатын. Бірақ кейін жоспарлар өзгерді. Испанияның Бильбао қаласының маңында түсірілім үшін миниатюралық Карлаг салынды.
«Біз барлық жағдайды, қазақ даласын дәл жаңғырту мүмкін емес екенін түсінеміз. Бірақ біз барынша тырыстық. Біздің команда көптеген құжатты зерттеді. Қоюшы-суретшілер тобы орасан зор жұмыс жасады. Қиын болды, бірақ біз Бильбаода Қазақстанның бір бөлігін қайта жасау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық», – дейді фильмді түсіруге жауапты Plano a Plano кинокомпаниясының директоры Цезарь Бенитес.
«Бітімгершілік» – қазақстандық актерлердің, продюсерлердің, үйлестірушілердің және басқа да мамандардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылып отырған Netflix үшін алғашқы жоба. Бұл жоба халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам саналады. Біз оны жоғары стандарттар мен жаһандық әлеуетке баса назар аударып, оны іске қосуға мұқият дайындадық. Қазіргі жағдайда, әлем сын – тегеуріндерге және ортақ тіл табуға тап болған кезде, мұндай жобалар өнердің біріктіруге қабілетті екенін көрсетеді, – деді фильмнің бас продюсері Аманат Қонақбаев.
Түсірілім екі жарым айға созылады. Авторлар дайын фильмді А санатындағы ең үлкен фестивальдарде көрсетеді деп көзделіп отыр.