Антикор басшылығына пара беруге итермелеген астаналыққа сот үкімі шықты

Динара Амантай

Ер адам тағы бірнеше адамға қатысты алаяқтық жасаған

Фото: Halyq Uni

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Антикор басшылығына пара беруге итермелеген ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, 2022 жылдың желтоқсанында айыпталушы И.-ға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығымен келісіп, оның ағасына қатысты қылмыстық істі Астана қаласына жіберіп, одан әрі өндірісті тоқтату үшін 40 мың АҚШ долларын беру керек екенін айтқан.

Сондай-ақ, ол 2022 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы сәуірге дейін И.-дің 46,4 млн теңге көлемінде қаржысын түрлі сылтаумен қолды қылған, атап айтқанда:

  •  сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерімен кездескен Б.-ның мейрамхана шоттары мен бос уақытына жұмсалған соманы төлеу;
  • Б. және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің іссапар шығындарын төлеу;
  • сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына қылмыстық іс бойынша И.-дың бауыры үшін кепіл енгізу;
  • сараптама жүргізу;
  • И.-дың бауырына қолданылған «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын «үй қамаққа» ауыстыру.

Сондай-ақ, ол басқа екі жәбірленушіге қатысты бірнеше рет ірі мөлшерде алдау арқылы алаяқтық жасаған. Олардың бірі 2023 жылғы қыркүйектен бастап 2024 жылғы қаңтарға дейін сотталушыға жер учаскесін алу үшін 3,7 млн теңгеден астам ақша берген. Ал екінші жәбірленуші 2024 жылғы наурыздан маусымға дейін сотталушыға Ресейде есепте лизингте тұрған 5 ресейлік автокөлікті қазақстандық есепке қою үшін барлығы 4,9 млн теңге берген, – делінген хабарламада.

Бұдан басқа, сотталушы 2024 жылғы наурызда жүргізуші куәлігін алып берем деген желеумен тағы екі адамнан әрқайсысынан тиісінше 2,2 млн теңгеден алып, қолды қылған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, банк үзінділерімен және басқа құжаттармен, аудио хабарламалармен және жасырын тергеу әрекеттерімен дәлелденді.

Сотталушы тек Ж.-ға қатысты жасалған алаяқтық фактісін ғана мойындап, қалған эпизодтарды, соның ішінде пара беруге итермелеу фактісін мойындамай, оны ақтауды сұрады.

Сот кәмелетке толмаған баланың болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Сот үкімімен сотталушы Б. ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 28-бабының 4-бөлігі 367-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, түпкілікті 14 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, – делінген сот хабарламасында.

Мемлекет кірісіне 9,2 млн теңге түрінде пара өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.