Заңды тұлғаларды тіркеу қағидалары өзгереді

Динара Амантай

Бұйрық жобасы қоғам талқысына ұсынылды

Фото: Halyq Uni

Әділет министрлігі «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына» өзгерту енгізеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жаңа құжатқа сәйкес, коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді министрліктің Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті және аумақтық әділет органдары іске асырады.

Сондай-ақ, коммерциялық ұйымдарды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы іске асырады.

Республикалық және өңірлік мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктерді, оның ішінде саяси партияларды, Республикалық нотариаттық палатаны, Республикалық адвокаттар алқасын, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасын, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын, Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасын, Қазақстанның Төрелік палатасын, Республикалық Заң консультанттары алқасын мемлекеттік тіркеуді, шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді Комитет жүргізеді, – делінген құжат жобасында.

Сонымен бірге саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу «электрондық үкімет» веб-порталы немесе екінші деңгейдегі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.

Бұйрық жобасы 9 желтоқсанға дейін Ашық НҚА порталында қоғам талқысына ұсынылды.