Halyq Uni логотип
×

Жекешелендіру объектілерін сату қағидалары жетілдірілді

Мемлекеттік аудт нормативтік-құқықтық базада олқылықтарды анықтады

 Динара Амантай 26.11.2024 | 10:37
Жекешелендіру объектілерін сату қағидалары жетілдірілді
Фото: Halyq Uni

Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларына бірқатар негізгі ережелер мен рәсімдерді жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттің жекешелендіру саласындағы саясатының тиімділігіне аудит жүргізіп, жекешелендіру процесін реттейтін нормативтік-құқықтық базада олқылықтар анықталған.

Осылайша, мемлекеттік аудит қолданыстағы шарттар жекешелендірудің ұқсас объектілерін бағалау кезінде әртүрлі тәсілдер мен әдістерді қолдануға мүмкіндік беретінін, алда болатын сауда-саттықты жеткілікті шамада ақпараттық жариялауға ықпал етпегенін, кепілдік жарнаның ең жоғары мөлшерін 30 мың АЕК деңгейінде шектегенін анықтады, – делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар талап етілмеген кепілдік жарналарға иелік ету тәртібі көзделмеген, реттелмеген ережелер мен ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ басқа да кемшіліктер болған.

Осыған байланысты аудит қорытындысы бойынша Қаржы министрлігіне 2011 жылы бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидасына қажетті өзгерістер мен толықтырулар дайындау тапсырылды. Нәтижесінде өзгерістер мен толықтырулар Үкіметтің биыл 26 қазандағы қаулысымен енгізілді.

Енді сауда-саттыққа қатысу үшін енгізілетін кепілдік жарна жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасының 15%-ын құрайтын болады.

Мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында сауда-саттық өткізу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сатушы өз аудиториясын қолда бар интернет-ресурс немесе әлеуметтік желілер арқылы қосымша хабардар етуге тиіс.

Кепілдік жарнаны бұғаттан шығаруды және қайтаруды қоса алғанда, кепілдік жарнаға қатысты жасалатын барлық іс-қимылды бірыңғай сауда-саттық операторы пайдаланушының электрондық әмияны арқылы іске асырады.

Бұл ретте арнайы транзиттік шотқа түсетін кепілдік жарналар меншікті активтер деп танылмағандықтан, бірыңғай оператор оларды пайдалана алмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама