Halyq Uni логотип
×

Сенат төрағасы Португалияға барды

Кездесуде экономикалық мәселелер де талқыға салынды

 Дәурен Ерболат 26.11.2024 | 10:03
Сенат төрағасы Португалияға барды
Фото: senate.parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Португалияға барды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сапар аясында төраға Португалия ассамблеясының төрағасы Жозе Педро Агиар-Бранкумен кездесті. Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, алдағы бірлескен жұмыстың маңызды міндеттерін белгіледі.

Мәулен Әшімбаев ассамблея төрағасымен кездесуде екі елдің көпжоспарлы ынтымақтастығының мәніне назар аударды. 

Сондай-ақ ол парламентаралық байланыс екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңызды тетігі екенін айтты. Бүгінде бұл бағыттағы қарым-қатынасты арттыруға ең жоғары деңгейде ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сұхбат кезінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелері де талқыланды. Бұл ретте жасыл экономика, инфрақұрылым, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық қызмет сияқты салаларда бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде ұсыныстар айтылды. 

Сонымен қатар тараптар білім беру, туризм және цифрландыру бағыттарындағы серіктестікті одан әрі кеңейтуге қатысты пікір алмасты.

Португалия жасыл энергетика бойынша Еуропа елдері арасында көшбасшы екені белгілі. Біз сіздердің жаңартылатын энергия көздеріне қатысты тәжірибелеріңізге ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Қазақстан Метан жөніндегі жаһандық келісімге қосылды. Сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр. Португалия бұл межеге 2045 жылға қарай жетуді мақсат тұтып отырғанын білеміз. Біздер үшін осы саладағы заңнамалық тәжірибелеріңіздің маңызы зор. Алдағы уақытта екі ел де басымдық беріп отырған аталған бағытта нәтижелі ынтымақтастық орнатамыз деп үміттенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде Жозе Педро Агиар-Бранку Португалия Парламенті көпжақты қатынастарды дамытуға мүдделі екенін айтып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің тиімділігіне назар аударды.

Айта кетейік, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан делегациясы Португалияға жұмыс сапары аясында 25-27 қараша аралығында Кашкайш қаласында өтетін БҰҰ Өркениеттер альянсының Жаһандық форумына қатысады. 

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаевтың БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездеседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама