«Әлеуметтік әмиян» арқылы демалыс лагерьлеріне жолдама бөлу жоспарланып отыр
Балаларды тегін тамақтандыру үшін жоба бірнеше өңірдегі 215 мектепте іске асады
«Әлеуметтік әмиян» жобасына емханалар жанында жұмыс істейтін 726 мемлекеттік дәріхана немесе олардың 100%-ы қосылды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов білім беру, денсаулық сақтау, салық және кедендік әкімшілендіру саласына цифрлық технологияны енгізу мәселесі бойынша өткізген кеңесте айтылды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жиында мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру және «Әлеуметтік әмиян» жобасын пилоттық енгізу арқылы халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді цифрландыру мәселесі талқыланды.
Тиісті санаттағы балаларды тегін тамақтандыру үшін «Әлеуметтік әмиянды» пайдалану Астана, Маңғыстау, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының 215 мектебінде жүзеге асырылады, - делінген ақпаратта.
2025 жылы «Әлеуметтік әмиян» арқылы спорттық және шығармашылық тапсырыстарды, сондай-ақ демалыс лагерьлеріне жолдама бөлу жоспарланып отыр.
Дәрілік заттарды таңбалау нәтижелерін қарау кезінде премьер-министрге 5,5 мыңнан астам субъектінің есепке алу жүйелерінің толық интеграциясы туралы баяндалды. Таңбаланған дәрілік заттардың өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін жетуіне автоматтандырылған мониторинг жүргізіледі. Қазірге дейін 88,5 млн дәрілік зат таңбаланған.
Олжас Бектенов цифрландыруды енгізу тіркеуді алып тастауға, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатын жұмсауға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Өңір әкімдеріне ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ мектептерді «Әлеуметтік әмиянмен» интеграцияланған аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықтау қажет. Денсаулық сақтау және қаржы министрліктері «Қазақтелекоммен» бірлесіп — бақылауды күшейтуі және айналымда таңбаланбаған дәрілік заттарды өткізуге жол бермеуге тиіс.