Олимпиада резервын қолдауға бөлінген қаржыны жымқырған шенеуніктер сотталды
Олар сотта кінәсін мойындамады
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында алдын ала сөз байласу арқылы қызмет бабын пайдаланып, қомақты қаржы жымқырған лауазымды адамдарға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушылар экономика және қаржы, есеп бөлімінде басшылық қызметте болған.
Олар 2019-2022 жылдар аралығында олимпиада резервын қолдауға бағытталған және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан, – делінген сот хабарламасында.
Сотталушылар аталған ұйымдарда нақты тіркелмеген адамдарға жалақы төлемдерін есептеу үшін бухгалтерлік бағдарламаларды пайдаланған. Бөлінген қаражат сотталушылардың бақылауындағы банк карталарына аударылған. Сонымен қатар, негізсіз сыйақы алу мақсатында үшінші адамдарды тартқан.
Сондай-ақ мекеме қызметкерлеріне жалақы асыра аударылған, ал еңбекақы айырмасын қолма-қол қайтаруды талап еткен.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан келтірілген жалпы шығын 150 миллион теңгеден асты.
Сотталушылардың бәрі өз кінәсін мойындамай, аталған операциялар өздерінің қызметтік міндеттері аясында жүргізілгенін айтып, бухгалтерлік есеп бағдарламаларындағы қателерді алға тартқан. Алайда, айыптау тарапы дәлел ретінде сотталушылардың заңсыз әрекеттерін растайтын бухгалтерлік жазбаларды, төлем құжаттарын және банк көшірмелерін ұсынды.
Сотталушылар есепшоттарындағы қаражаттың қайдан шыққанын және қызметкерлерге артық төлемдердің жиналу себептерін түсіндіре алмады. Кейбір қызметкерлер артық есептелген соманы қайтару туралы көрсетпелер берді.
Іс-әрекеттердің қасақана жасалғанын, алдын ала сөз байласуын және жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, сот сотталушыларды кінәлі деп танып, Г.-ға 7 жылға, Д.-ға 6 жылға, А.-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мүліктері тәркіленді, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.