Украинадан қазақстандықтарды эвакуациялауға ұшақ жіберу жоспарда жоқ – СІМ

Ербол Тұрымбет

Министрліктің Ахуалдық орталығы ондағы жағдайды бақылап отыр

Фото: СІМ

Украинадағы қазақстандықтардан эвакуациялау бойынша өтініштер түспеген және қазір арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ. СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы жағдайға қатысты осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның сөзінше, Украинадағы Елшілігіміз штаттық режимде жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер министрлігінде әлемдегі жағдайға мониторинг жасайтын арнайы Ахуалдық орталық бар. Министрлік мәліметіне сәйкес, Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастырып келеді және азаматтарын эвакуациялап жатқан жоқ.

Қазақстандықтардан да эвакуациялау бойынша өтініштер түскен жоқ және қазір арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Украинада соғыстың жалғасып жатқанына екі жылдан асты. Кетемін деген азаматтар елден шығып кеткен. Бірақ біздің есебіміз бойынша Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Нақты санын айту қиынға соғады, – деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Дей тұрғанмен, бірнеше күн бұрын СІМ Украинадағы қазақстандықтарға ел аумағынан кету туралы хабарлама жасаған. Айбек Смадиярдың сөзінше, қазақ дипломаттары өз жұмысын тиянақты атқарып келеді, егер отандастарымыздан өтініш түскен жағдайда оларға барлық қажет көмекті көрсетуге дайын. Дегенмен, жағдайдың одан әрі өрбуіне байланысты тиісті әрекетін жасай бермек.