«Ханның қызы» жаңа қызметке тағайындалды

Дәурен Ерболат

Гүлшара Әбдіқалықова - Қазақстанда облыс әкімі болған алғашқы әйел

Фото: Informburo.kz

Қызылорда облысының экс-әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа қызметке тағайындалды. Ол 6 маусымнан бастап «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі бизнес-серіктесі қызметіне кірісті. Бұл туралы ұлттық компанияның баспасөз қызметі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына берген жауабында айтты.

Гүлшара Әбдіқалықованың негізгі міндеттеріне:

  • Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына жетекшілік ету;
  • Әлеуметтік еңбек қатынастарын тиімді реттеу;
  • Адам ресурстарын басқару департаментінің ішкі жіне сыртқы коммуникацияларын қалыптастыру мен нығайтуға ықпал ету;
  • Кадр аудитінің нәтижелерін талдау және қызметкерлерді тиімді басқару мәселелері кіреді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жаңа қызметкерінің қанша жалақы алатынына жауап беруден бас тартты, қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселесіне қатысты ақпарат құпия және көпшілікке жария етілмейтінін айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова 1965 жылы Қызылорда облысында туған. 1987 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген, экономист-сарапшы.

Институтты аяқтағаннан кейін 1987-94 жылдары Қызылорда облысы әлеуметтік қорғау бөлімінің аға инспекторы, бөлім бастығы болып жұмыс істеді.

1994-95 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесінің кеңесшісі.

1995-2003 жылдары Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары, департамент директоры болды.

2003-2005 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

2005 жылдан – «Мемлекеттік аннуитеттік компания» Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

2009 жылдың 4 наурызынан – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

2013 жылдың 28 қарашасынан – Қазақстан премьер-министрінің орынбасары.

2014 жылдың 11 қарашасынан - ҚР мемлекеттік хатшысы.

2019 жылдың ақпанынан – Қазақстан премьер-министрінің орынбасары.

2019 жылдың тамызынан 2020 жылдың наурызына дейін Мәжіліс депутаты болды.

2020 жылдың наурызынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қызылорда облысының әкімі болды.

Еске салайық, осыдан шамамен екі жыл бұрын Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған. Сол кезде полицейлер әкім келеді деп жолды жауып, басқа көліктерді жүргізбей қойған. Бұл жағдайға ашуланған қызылордалық тұрғын аудан аралап жүрген өңір басшысына барып «Жолды жабатын ханның қызысыз ба?» деп шүйліккен. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.