Бодимассаж салонын, webcam студия ашқандардың ісі тергеліп жатыр – ІІМ
Мұнда сексуалды сипаттағы қызметтер көрсетілді деген күдік бар
Елімізде бодимассаж салонын, webcam студия ашу бойынша қылмыстық істер тіркеліп, тергеліп жатыр. Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Шынар Көшербаева айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жыл басынан бері адам саудасы бойынша 200-ге жуық қылмыстық іс анықталған.
Оның айтуынша, «Қылмыстық кодекс» пен ілеспе заңдарға енгізілген түзетулер аясында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Заң нормалары күшіне енген соң, ішкі істер органдары сексуалды сипаттағы қызметтердің жолын кесу үшін іс-шаралар жүргізіп жатыр, яғни бодимассаж, webcam жезөкшелік (анықтау деректері бойынша). Сондай-ақ сексуалды сипаттағы басқа қызметтерді көрсету, яғни притондарды ұйымдастыру фактісін анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Шынар Көшербаева «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды орындау тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.
Ол бодимассаж салонын, webcam студия ашқандардың ісі тергеліп жатқанын жеткізді.
Биыл қыркүйек-қазанда қылмыстың жаңа құрамы бойынша 10 іс тіркелді. Мысалы, облыстардың бірінде сексуалды сипаттағы қызмет көрсеткен бодимассаж түріндегі притон анықталды. Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр, – деді орынбасар.