Қазақстанда 60-қа жуық мектеп лицензиясыз жұмыс істеген
Комитет білім беру ұйымдарына тексеру жүргізді
Лицензиясыз жұмыс істеген 60-қа жуық мектепке айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері жүргізілген тексеру нәтижесінде 58 мектеп білім беру қызметін лицензиясыз жүргізген. Бүгінде олардың 17-сі білім беру қызметін қойылатын талаптарға сәйкестендірді.
Лицензиясыз жұмыс істеген мектептерге қатысты ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша айыппұл салу туралы сот қаулылары шықты. Бұл білім беру ұйымдары негізінен Астана және Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан, – делінген министрлік хабарламасында.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуеновтың айтуынша, «ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуға тиіс.
Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексеруден өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Білім беру ұйымдары лицензия алған сәттен бастап қана білім беру қызметімен айналысуға құқылы. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап 6 ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс, – деді комитет төрағасы.
Лицензия алуға қойылатын негізгі талаптар тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогикалық құрамның болуын, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалардың сақталуын, сондай-ақ білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды қамтиды. Осы талаптарға сәйкес келмеу әкімшілік жаза қолдану мен қайталама бұзушылықтар болған жағдайда білім беру мекемесінің қызметін тоқтату үшін негіз бола алады.
Айта кетсек, мектептер бағыныстылығы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қарамағына жатады.