Талғарда изолятордан күдіктінің қашуына жол берген басшылар жазаланды – Сәденов
Бұл дерек негізінде қылмыстық іс қозғалды
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғарда изолятордан күдіктінің қашуына жол берген полиция басшылары жауапқа тартылғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Өкінішке қарай, мұндай жағдай өз ісіне дұрыс қарамағаннан болды. Әдейі істелмеді. Қызметтік тексеріс жүргіздік. Бірқатар басшылық құрам мен тікелей жауапты қызметкерлер жауапқа тартылды. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біз істі қараймыз. Тікелей осыған жол бергендер жауапқа тартылды, - дейді Ержан Сәденов Сенат кулуарында.
Айта кетейік, биыл 21 қазанда Алматы облысы Талғар ауданындағы уақытша ұстау изоляторында күдікті қашып кеткен еді. Оған адам зорлады деген айып тағылған. 25 қазанда полиция ер адамды ұстады. Ұсталған сәттің видеосы да жарияланды.