Halyq Uni логотип
×

Қызылордада күріш өтпей жатыр ма – облыс әкімі жауап берді

Биыл облыс диқандары жарты миллион тоннадай өнім алған

 Ербол Тұрымбет 21.11.2024 | 11:45
Қызылордада күріш өтпей жатыр ма – облыс әкімі жауап берді
Фото: pixabay.com

Биыл Қызылорда облысында 500 мың тоннаға жуық күріш жиналған. Нарықта күріш өтпей жатыр, бағасы түсіп кетті, қамбаға симай жатыр деген мәселе туындап тұрған жоқ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрағына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Оның айтуынша, 2022 жылы күріш бағасы 200 теңгенің көлемінде болатын. Қазір Қызылорда облысында, басқа өңірлерде де 400 теңгеден асқан. Сорттары мен сапасына байланысты 500 теңге тұратын түрлері де бар.

Қазір шаруашылықтардың жағдайы жақсарып келеді. Өйткені, баға өсті, мемлекеттен көп көмек, оның ішінде арзандатылған жанар-жағармай, тыңайтқыш беріліп жатыр. Шаруашылық басшыларымен күнделікті байланыстамын. Әр жиында кездесіп, сөйлесіп отырамыз. Күріш өтпей жатыр, бағасы түсіп кетті, қамбаға симай жатыр деген мәселе туындап тұрған жоқ, – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.

Оның айтуынша, Сыр диқандары биыл өнімді жақсы алып, гектарына 58 центнерден, жалпы көлемі жарты миллион тоннаға жуық жиналған. Бұрын ондай болмаған.

Қазір күріштің өнімділігі өте жоғары. Біздің шаруашылықтар жан-жақпен, басқа мемлекеттермен жұмыс істеп, күріштің жаңа сорттарын енгізіп келеді. Компанияларымыз 70-80, кейбір жаңа тұқымдарынан 90 центнерге дейін өнім алып жатыр, – деді ол.

Әкімнің айтуныша, 2022 жылы су тапшылығына байланысты күріш алқабының көлемін 64 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланып тұрған. Бірақ, облыс басшылығы тәуекелге барып, Үкімет басшысына, министрлікке шығып, сол жылы шаруашылықтардың өтінішіне байланысты 78 мың гектарға күріш егілген. Нәтижесінд мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының арқасында, күрішті ысырапсыз сумен қамтамасыз етіп, жинап, мол өнім алынған.

Биыл да күрішті қысқарту жөнінде тапсырма боды. Тағы да өтініш айттық. Өйткені, өңір халқының тіршілігі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде негізгі дақыл – күріш. Осының айналасында қаншама адам жұмыс істейді. Бір жағынан экологиямызға да үлкен әсері бар. күріш екпесек, жеріміз одан сайын тұздана бастайды, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әкімнің сөзінше, биыл 5 мың гектар жер лазермен тегістелген. Сол арқылы су 30%-ға дейін үнемделіп, ал өнім 30-40%-ға көбейген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама