Бизнес пен білім беру ұйымдары арасында диалог алаңы рөлін атқарады
Жұмысшы мамандықтар жылының аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығы ашылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Орталық бизнес пен білім беру ұйымдары арасында диалог алаңы рөлін атқарады, сондай-ақ студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтардың танымалдылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналады.
Мемлекет басшысының келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы еліміз үшін техникалық және кәсіптік білім берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Оның ішінде Ұлттық құзыреттілік орталығының ашылуы жұмысшы мамандықтарының тартымдылығы мен білім сапасын арттыру жөніндегі стратегияны жүзеге асырудағы негізгі қадам. Орталық ұлттық құраманың әлемдік WorldSkills чемпионаттарына дайындалатын базасына айналады, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруда басты аймақтық база болады. Сондай-ақ ол жұмыс берушілер мен кадрларды даярлау жүйесінің арасындағы ынтымақтастықты арттырады, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Айта кетсек, мұндай орталықтар Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей елдерінде табысты іске асырылып, жоғары білікті кадрлар даярлауда өзінің тиімділігін дәлелдеді.