Ол 15 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген
Ресейден кәмелетке толмаған қыз баланы зорлады және өлтірді деп айыпталған қазақстандық экстрадицияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас прокуратура ақпаратына сәйкес, ер адам 2008 жылы Павлодар облысы Ақсу қаласындағы пәтерлердің бірінде кәмелетке толмаған қыз баланы зорлаған. Одан кейін күдікті бұл әрекеті үшін жауапқа тартылудан қорқып, таныстарымен бірге жасөспірімді күштеп көлікке отырғызып, ауылдық аймаққа алып кеткен. Жол бойында бұрын адам өлтіргені үшін сотталған сыбайластардың бірі жәбірленушінің мойнынан ұстап, оны тұншықтырып өлтірген. Қылмыстарын жасыру үшін олар қыздың денесін далаға көмген.
Кәмелетке толмаған баланы зорлап, оны өлтіруді ұйымдастырған, қашып үлгерген және 15 жыл бойы халықаралық іздеуде болған сотталушыны қоспағанда, адам өлтіруге қатысы бар тұлғалар әртүрлі жаза түрлеріне сотталды. Өткен жылғы қыркүйекте қылмыскер Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталып, кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазір Петропавл қаласының тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.