21 қарашада таңертең бүкіл Қазақстан бойынша дабыл қағылады
Электрдабылдар мен дабылды-сөйлеу құрылғылары сағат 11:00-де іске қосылады
21-22 қараша аралығында елімізде «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі, деп хабарлайды Halyq Uni ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің хабарлауынша, ол «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау» тақырыбында өтеді. Республикалық штабы Көкшетау қаласында орналасқан.
Оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар, республикалық және облыстық қызметтер мен азаматтық қорғау құралымдары, ТЖМ аумақтық бөлімшелері тартылады.
Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша облыстық азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайлар салдарын жоюға дайындығы бағаланады, - делінген министрлік хабарламасында.
Практикалық іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өткізіледі. Соның аясында азаматтық қорғау құлақтандыру жүйесіне тексеру жүргізу жоспарланған. Сол себепті электрдабылдар мен дабылды-сөйлеу құрылғылары 21 қарашада сағат 11:00-де іске қосылады.
Бұл іс-шара халықтың «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру сигналына ден қою тәртібін дағдыландыру мақсатында өткізіледі.