Ақтөбе облысында әйелді өлтіріп, көлігін иемденген күдікті 22 жылға сотталды
Жәбірленушінің жеке басын анықтауды қиындату үшін оның бетін пышақпен тіліп тастаған
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында пайда табу мақсатында кісі өлтірді деп айыпталған күдіктіге қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Соттың мәліметінше, күдікті У. жәбірленуші С.-ны көлікте жүргізушінің қауіпсіздік белдігімен тұншықтырған. Сөйтіп ол жәбірленушіні өлітіріп, оның 150 мың теңге тұратын алтын алқасы мен Toyota Camry автокөлігін иемденген.
Күдікті жәбірленуші С.-ның жеке басын анықтауды қиындату үшін оның бетін пышақпен тіліп, мәйітін ауылдық жолдың жанындағы бұталар арасына тастап кеткен.
Сотта прокурор айыпталушыны 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленуші мен оның адвокаты ең қатаң жазаны тағайындауды талап етті.
Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің, сарапшылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді тінту және қарау хаттамаларымен, сараптамалардың қорытындыларымен және алынған заттай дәлелдемелермен расталды.
Сот сотталушыға жеңілдететін мән-жайлар ретінде соттылығының жоқтығын және жас балаларының болуын назарға алды. Қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатында қылмыстық құқықбұзушылық жасауды сот ауырлататын мән-жай деп таныды.
Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сонымен, сот полиция департаментінің басшылығына тиісті шара қолдану үшін жекеше қаулы шығарды, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.