Halyq Uni логотип
×

Жамбыл облысында жүк тасымалдаушы компанияға 26,8 млн теңге айыппұл салынды

ЖШС көліктері 85 тонна жүкті артық тиеген

 Динара Амантай 20.11.2024 | 18:00
Жамбыл облысында жүк тасымалдаушы компанияға 26,8 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Halyq Uni

Көлік министрлігі ауыр салмақты жел генераторы бөлшектерін тасымалдайтын «М нефтьСервис» ЖШС-ның көліктерін өлшеді. Нәтижесінде орта есеппен алғанда көлікке тиелген артық жүк мөлшері 85 тоннаны көрсетті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақпаратқа сәйкес, көліктік бақылау нәтижесі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 22 хаттама толтырылған. Осылайша, ел бюджетіне түсетін қосымша қаражат 26 млн 850 мың теңге болды.

Тексеру нәтижесінде арнайы рұқсаттағы салмақ параметрлері 85 тоннаға асқаны, жүргізушілердің еңбек және демалыс тәртібін бұзуы, лауазымды адамдарға жұмыс барысында кедергі жасау және халықаралық тасымалдауға рұқсат картасының болмауы анықталды, – делінген хабарламада.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұған дейін бұл компания өлшеу рәсімінен бас тартып, БАҚ арқылы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратқан.

Еске сала кетсек, қазір елімізде ауыр жүк көліктерін өлшейтін автоматтандырылған станциялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Олар жолдың мерзімінен бұрын тозуын болдырмауға бағытталған. Көліктерге шамадан тыс жүк тиелген кезде жүйе автоматты түрде фотосуретке түсіреді, одан кейін бұл ақпарат көліктік деректер базасының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне беріледі. Бұл көлікті бақылау комитетіне салмақ нормаларын асыруға байланысты құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел жіберуге мүмкіндік береді.

Ақпарат үшін, автокөліктің жалпы салмағы жүкпен бірге келесі мәндерден аспауы керек:

  • үш осьті (М3 санатындағы топсалы автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
  • төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осімен – 32 тонна;
  • бес осьті – 38 тонна;
  • алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама