Министрліктің бөлімше басшылары жауапқа тартылды
Жыл басынан бері асырап алынған балаларды ұрып-соғу және азаптау фактілері Шымкентте, Ұлытау және Ақмола облыстарында тіркелді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас прокуратура Оқу-ағарту министрлігін тексеру барысында балалардың құқығын қорғау тетіктерінің жүйелі кемшіліктерін, атап айтқанда: «қиын балалармен» жұмыстың жасалмауын, кешкі және арнайы мектептер, психологтер, қорғаншылық органдары жүйесінің тиімсіздігін, көптеген ведомстволық бағынысты ұйымдардың профилактика саласындағы жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмегенін анықтаған.
Ақпаратқа сәйкес, Ақмола облысында биыл сәуірде патронат-тәрбиешінің 5 баланы ұрып-соғу фактілері анықталған. Тергеп-тексеру барысында 3 жылдан астам уақыт бұрын бір баланы өлтіру фактісі де анықталған.
Ұлытау облысында балаларды фермада жұмыс істеуге мәжбүр еткен асырап алған ана 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бас прокуратура министрліктің атына балалардың құқығын қорғау саласындағы тәсілдерді қайта қарау және «Заң және тәртіп» іргелі қағидатын іске асыруға бағытталған шараларды күшейту бойынша нақты ұсыным енгізілді. Ұсынысты қарау қорытындысы бойынша Жол картасы (51 іс-шараны қамтиды) әзірленді.
Ол бойынша жыл соңына дейін девиантты мінез-құлқы бар балалардың «жағымды ортаға» бейімдеу бойынша жобаны іске асыру (беделді тәлімгерлерді бекіту, кадет сыныптарына және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалыс клубтарына, Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» және тағы басқаларға орналастыру), ішкі істер органдарының есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды қосымша біліммен және тағы басқаны қамту мақсатында оларға тексеру жүргізу жоспарланып отыр, – делінген прокуратура хабарламасында.
Тексеру нәтижелері бойынша заңбұзушылықтарға жол берген кінәлі лауазымды адамдар, оның ішінде Оқу-ағарту министрлігінің бөлімше басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.