Көпқабатты үйлердің жартысына биыл ғана ыстық су жүргізілген
Қызылорда – ыстық сумен қамтамасыз етілмеген елдіміздегі бірден бір облыс орталығы. Биыл қала тұрғындарының 50%-ы ыстық сумен қамтамасыз етілді. Қалған бөлігі келер жылғы жылу маусымы қарсаңында қамтылады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар алаңында өткен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингінде журналистер сұрағына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыс басшысының айтуынша, былтыр 10 қазанда Мемлекет басшысы арнайы іссапармен өңірге келгенде тұрғындар өтінішін жеткізген.
Президентке мың да бір рахмет, ол кісі мынандай кезде облыс орталығының ыстық сусыз отырғаны шынында да үлкен сын деп шешім қабылдап, Үкіметке бірден тапсырма берді. Үкімет биыл резервтен 11 млрд теңге қаражат бөлді. Ол қаражатты толық бөлгеннің өзінде бір жылда оны атқару мүмкін емес. Негізі жоба құны – 26,2 млрд теңге. Қазір 11 млрд қаражатты игердік. Осы жылы қаладағы көпқабатты үйлердің 50%-ға жуығы ыстық суды тұтынуға мүмкіндік алады. Алғашқыларына ыстық су қазір беріліп жатыр, – деді ол.
Оның сөзінше, келесі жылы қалған үйлерді ыстық сумен қамтамасыз етуге Үкіметтің резервінен 16 млрд теңге қаражат бөлінеді. Сөйтіп, қаладағы 624 көпқабатты тұрғын үй 2025 жылы ыстық суға толығымен қосылып бітеді.
Ол жерде тек ыстық су жүргізумен шектеліп жатқан жоқ. Мердігерлер көпқабатты үйлерді жөндеуден өткізіп жатыр. Әсіресе жертөре суға толғанын білесіздер, өкінішке қарай, жаман иісі бар. Соның барлығын тазалап, істеп жатыр, – дейді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айтуына қарағанда, ыстық су жүйесін жүргізуге ең жақсы материалдар пайдаланылып жатыр. Облыс әкімдігінің өкілдері арнайы осы жұмыс бойынша Еуропаға да, Қытайға да жіберілген. Соның ішінде Еуропадан шығып жатқан материалдарды таңдалып, қазір пайдаланылып жатыр. Ол халыққа көп жыл бойы үздіксіз қызмет етпек.
Сондай-ақ, өңір басшысы коммуналдық шаруашылық саласындағы толымды жетістіктерінен тағы біраз мысал келтірді. Оның сөзінше, 2022 жылдан бастап облыс аумағында 55 жоба жүзеге асырылған. Олардың жалпы құны 16 млрд 800 млн теңгені құрайды. Сол жұмыстардың нәтижесінде халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 98,6 пайызға жетіп отыр.
Биыл да облыста жаңадан 13 жобаға 5 млрд 300 млн теңге бөлінген. Соның арқасында алдағы жылы облыс аумағындағы барлық елдімекен орталықтандырылған ауызсумен толығымен қамтамасыз етіледі.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 72%-дан 62%-ға дейін төмендейді, – дейді ол.
Одан бөлек, президенттің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүріп жатқанын ерекше атап өтті. Оған 215 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңгеден астам инвестиция салған. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдессіз жобалардың бірі болғалы тұр әрі келер жылы ел игілігіне табысталмақ.
Сондай-ақ, облыста жылу беру маусымының тұрақты өтіп жатқанына тоқталды. Әкімнің айтуынша, биыл жылумен қамту нысандары мен желілерін жаңғыртуға 12 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа 9,5 шақырым желі жаңартылады. Оның 8,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен болса, 3 млрд-ы облыстық бюджеттен, қалған 566 млн теңге ҚЖЭО кәсіпорнының өз қаржысы есебінен шығады. Әзірге тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың ешбірін штаттық режим бұзылмағанынан хабардар етті.
Ал өңір тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 75%-ды құрайды. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 306 шақырым газ желілері салынып жатыр. Осы жобалардың арқасында биыл өңірімізді газбен қамту көрсеткіші 78%-ға жетеді. Келесі жылы 10-ның үстінде елдімекенді газдандыру жоспарланған, – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.