Зерттеудің құны тағы нақтыланады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына әсерін зерттеу үшін ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілетінін, бюджеттен қомақты қаржы қарастыралғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үш жылдық бюджетке (ғылыми-зерттеуді жүргізу үшін – автор) 160 млн теңгеге өтінім келді. Бірақ іс жүзінде қаржы бұдан аз болады. Менің ойымша, шамамен 100 млн теңге болады. Кеше жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өтті. Біз ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін байқауды жариялаймыз. Кеңес (ғылыми зерттеудің – автор) нақты құнын анықтау керек, - деді Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында.
Министр зерттеуге нақты қай ұйымдар қатысатынын айтпады.
Мен толық ақпаратты білмеймін. Бірақ ғылыми зерттеуге бірнеше институт қатысады. Олар – физиология институты, география институты. Зерттеу сауалнама арқылы жүргізілмейді, - деді ол.
Саясат Нұрбек ғылыми-зерттеуге бөлінетін қаржы босқа кетпейді деген пікірде.
Қоғамнан сұраныс түсті. Сондықтан біздің оған жауап беруіміз керек. Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми-зерттеуге грант беруші ұйым ретінде қолдады, - деді министр.
Айта кетейік, кеше Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан неге бірыңғай уақыт белдеуінде қалатынын түсіндірген еді.