Ештеңе қорқынышты емес – депутат қымбатшылық туралы
Мәжілісмен теңгенің құнсыздануына қатысты пікір білдірді
Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов теңгенің құнсыздануына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мәжіліс кулуарында депутатқа «Қазір теңге құнсызданды. 1 доллар 500 теңгеге жуықтады. Сіз қымбатшылықты сезіндіңіз бе?» деген сұрақ қойылды. Ұлықбек Тұмашинов Қазақстанда тауарлардың бағасы өскенін байқағанын айтты.
Әрине, бәріміз (қымбатшылықты) сезініп жатырмыз. Қымбатшылықты кім сезінбей жатыр? Мысалы, ауылдағы қарапайым халыққа өте ауыр. Шынын айтқанда (қымбатшылық) зардабын тигізіп жатыр. Мысалы, бұрынғы жалақы бірталай затқа жетсе, қазіргі жалақы..., - деді ол.
Депутат 90-шы жылдардағы дағдарысты көрген адамдарға қазіргі қиыншылықтар қорқынышты емес деп есептейді.
Жетпейді деп айтпаймын. Мен жалақыға өмір сүріп жүрген азамат емеспін. Халықпен араласамын, аудандарға барамын. Содан бәрі байқалады. Менің де туған-туыстарым, кластастарым, достарым бар. ...Өмір бойы кәсіппен айналысқан адам ретінде айтайын (инфляцияның) көптеген себебі бар. Сіз рубль теңгеге ауысқанда дүниеде болған жоқ шығарсыз. Халыққа жалақы, зейнетақы төленбегенін көргенбіз. Біз соның бәрінен өттік. Бәрінен өткен адамға ештеңе қорқынышты емес, - деді ол.