×

Заңсыз жолмен байығандар үшін жаза күшейеді

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғандардың мүлкі тәркіленеді

 Дәурен Ерболат 15.06.2022 | 12:17
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Қазақстанда терроризмді қаржыландырғаны және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғаны үшін жаза күшейеді, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.  

Құжат кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандарттарын іске асыру үшін әзірленді.

Жоба заңды тұлғалардың бенефициарлық меншік иелерін ашу міндетін белгілеуге, кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған трасттарға немесе басқа да корпоративтік құрылымдарға қолдануға бағытталған.

Сондай-ақ заң жобасында терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген субъектілердің тікелей немесе жанама бақылауындағы қаражат пен өзге де активтерді тоқтату қарастырылған.

Құжатта қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту және ФАТФ ұсынымдарында айқындалған бірқатар қылмыстық құқық бұзушылық үшін мүлікті тәркілеу түріндегі қылмыстық жазаны белгілеу көзделіп отыр.

Сонымен қатар заң жобасы «террористік әрекет» ұғымын кеңейту үшін «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның ережесін Қылмыстық кодекстің ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.

Сондай-ақ отырыста «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды.

Құжаттар сенаттың қарауына жіберіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама