Қолданбалы ғылымды дамыту: премьер-министр бірқатар министрлікке тапсырма берді

Динара Амантай

2025-2027 жылдарға арналған жұмыс жоспары талқыланды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Комиссия отандық ғылымды экономиканың нақты секторымен интеграциялауға бағытталған бұрын берілген тапсырмаларды ескере отырып, 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми-техникалық жұмыс жоспарын ұсынды.

Ақпаратқа сәйкес, комиссияның қарауына ғылыми-техникалық тапсырмалар бойынша 653 ұсыныс келіп түскен. Оның ішінде экономика үшін басым бағыттар бойынша 2025-2027 жылдарға арналған 113 ғылыми-техникалық тапсырманы жүргізуге қаражат бөлу мақұлданды. Олардың ішінде экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану; энергия, озық материалдар және көлік; озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар; биологиялық қауіпсіздік және басқа да салалар қамтылған.

Біз практикалық мәселелерді шешіп, салалардың өнімділігін және экономиканың тиімділігін арттыратын нақты шешімдерді ұсынуымыз керек. Ірі кәсіпорындардың негізгі жобаларына байланыстыра отырып, шағын және орта бизнестің ғылыми-инновациялық қызметін қолдау қажет. Біз ғылыми зерттеулерді қолданудың практикалық нәтижелерін көруіміз керек, – деді Олжас Бектенов.

Бұл ретте «Орталық-өңір-кәсіпорын» жүйесінде ғылыми-технологиялық саясатты реттеу тетіктерін әзірлеу, өңірлерді дамыту жоспарларында ғылым бойынша тиісті индикаторды көздеу тапсырылды. Үкімет басшысы бизнес өкілдерінің шетелдік институттарды тарта отырып іске асырылып жатқан жобалар аясында қазақстандық ғалымдармен өзара іс-қимылды кеңейтуге назар аударды.

Тиісті министрліктерге ірі бизнеспен бірлесіп, салалық ғылыми-технологиялық кеңестерде қолданбалы ғылымды дамыту үшін технологиялық міндеттерді айқындау тапсырылды.

Ұлттық экономика, Қаржы, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен Стратегиялық жоспарлау агенттігі ғылыми мазмұны бар өнім шығарудың өңірлік көрсеткіштерінің индикаторларын әзірлеуі қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа тетіктерін енгізу жөніндегі жұмысты күшейтуге тиіс.