Жеке және заңды тұлғалардың қызметі реттелді
Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінің жобасына мұздықтар мен шағын су айдындарын қорғау іс-шараларын қосты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрлік Парламент Мәжілісінің депутаттары және сарапшылармен бірлесіп жаңа Су кодексінің жобасын пысықтап жатыр. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында құжатқа алғаш рет шағын көлдерді, өзендер мен тоғандарды, сондай-ақ мұздықтар мен сулы-батпақты аймақтарды қорғау жөнінде нормалар енгізілді.
Мысалы, шағын өзендердің тартылуының алдын алу үшін тасқын суды өткізуге арналған құрылыстары жоқ нысындарды, су ағынын тоқтататын бөгеттерді жобалауға және салуға тыйым салынады. Жаңа Су кодексінің жобасына сәйкес мұндай құрылыстар жойылауға жатады.
Қызметі шағын су айдындарының жай-күйіне әсер ететін жеке және заңды тұлғалар министрліктің бассейндік инспекцияларымен келісе отырып, су ресурстарын қалпына келтіру және оның тазалығын сақтау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге міндетті, – делінген құжатта.
Сондай-ақ, сулы-батпақты жерлерді ластауға, бітеуге, құрғатуға немесе өзге мақсаттарда пайдалануға тыйым салынады. Сонымен бірге сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерді қоса алғанда жануарларды қорғау жөніндегі іс-шаралар да көзделеді.
Бұдан бөлек, мұздықтар мен қарлы аймақтарға ағын су жіберу, оларды қалдықтармен, мұнай өнімдерімен, улы химикаттармен және басқа да зиянды заттармен ластауға тыйым салынады. Мұздықтардан мұз алу су нысандарының жағдайына кері әсер етпеуге тиіс және олардың сарқылуына себеп болмауы керек.
Жаңа Су кодексі климаттың өзгеруіне бейімделуге және су үнемдеу принциптерін енгізуге баса назар аударады. Су айдындарының экожүйесін қолдау және оларды сарқылу, ластану сынды басқа да жағымсыз салдардан қорғау үшін судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі айқындалған – «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі. Құжаттың мақсаты – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоршаған ортаны сақтауға мүмкіндік беретін су пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және оны қолдау болып табылады, – деді бірінші вице-министр Болат Бекнияз.