Келесі жылы баспана бағасы 15 пайыз қымбаттайды - сарапшылар

Халық үні

2001 жылдан бастап 21 есе қымбаттаған баспана бағасы тағы өскелі тұр

фото: Halyq Uni

Сарапшылар елімізде келесі жылы пәтер бағасы 10-нан 15 пайызға дейін көтеріледі деген болжам жасады, деп хабарлайды Halyq Uni КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Баспананың қымбаттауының себебі – құрылыс саласына 12 пайыздық қосылған құн салығы қайта енгізілмек. Ал құрылыс компаниялары сол салықты қалтадан шығармас үшін шаршы метрдің құнына ақша қосады дейді мамандар. Бұл – жаңа үйлердің бағасы шарықтаса, ескі пәтерлер де қымбаттайды деген сөз.

12 пайыздық құн салығы дегеніміз жаңалық емес. Елдегі құрылыс компаниялары бұл салықтан сонау 2001 жылы босатылған. Осылайша, Үкімет үйдің бағасын арзандатпақ болды. Енді сол салық келесі жылдан бастап қайта енгізілгелі отыр. Бұл бағаға кері әсер етеді деседі сарапшылар.

Құрылыс компанияларына жеңілдік берілген 2001 жылдан бастап, жаңа баспананың құны 21 есе қымбаттапты. Кейін бұл сан тағы өскелі тұр.

Қазір құрылыс компаниясы үй салып, орта есеппен 15 пайыз пайда табады. Егер 12 пайыздық салық енгізілетін болса, құрылыс компаниясы нөлге жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан оларда екі-ақ бағыт бар: пайдасыз істейді немесе шаршы метр бағасын көтереді, – дейді Қазақстан құрылысшылар одағы Астана филиалының директоры Вячеслав Лазарев.

Әрине, жұрттың екінші нұсқаны таңдайтыны белгілі. Осылайша, түбінде зардабын қарапайым тұтынушы тартады. Өйткені риелторлар келесі жылы жаңа салынған үйлер аспандайтын болса, сәйкесінше ескі үйлер бағасының да қатарласып қымбаттайтынына сенімді.

Өйткені бірінші санаттағы тұрғын үй бағасы тым қымбат болады. Сәйкесінше екінші санаттағы үйдің иесі екінші санатты сатып, бірінші санаттағы пәтерді алғысы келеді. Ал екінші санаттағы үй бағасы сол бірінші санаттағы үйдің бағасына қарай өзгереді. Бағасы өссе, сатып алу мүмкіндігі азаяды. Бұл жалпы жылжымайтын мүлік нарығына тікелей әсер етеді, – дейді риелтор Шахрух Асқаров.

Тұрғын үй нарығының қандай өзгеріске ұшырайтынын уақыт көрсетеді. Бірақ дәл қазір пәтер бағасы айтарлықтай тұрақталып қалды дейді риелторлар. Алматыда 40 шаршы метр 1 бөлмелі пәтердің құны – шамамен 25-30 миллион теңгенің төңірегінде. Енді 12 пайыздық салық енгізілсе, дәл сол үйдің құны қаншаға шығатынын келесі жылы салыстырып көруге болады.