Шаққалиев уақыттың өзгеруі қазақстандықтар денсенсаулығына салдарын тигізбейді деп санайды
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуінде неге қалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, биыл 19 қаңтарда Үкімет «Уақытты есептеу тәртібі туралы» қаулыға өзгеріс енгізу арқылы Қазақстанда UTC+5 сағат белдеуін енгізу туралы шешім қабылдаған. Мұнда Қостанай және Қызылорда облыстарындағы азаматтардың бірнеше жыл бойы көтерген мәселесі ескерілген.
Шешім қабылдау кезінде арнайы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғылыми дәлелдер пайдаланылды. Топтың құрамында 60 адам болды: Парламент депутаттары, мемлекеттік және жергілікті органдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, институттар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері. Табиғи уақыт жақтаушыларының халықаралық альянсы (IANT) Үкіметтің Қазақстанның орталық және шығыс облыстарында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы шешіміне оң қорытынды берді, - деді Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.
Министр еліміздегі уақытты есептеу жүйесінің қалыптасу тарихына тоқталды.
Алғаш рет UTC+6 уақыт белдеуі 1930-1931 жылдары декреттік уақытты («белдеулік уақытқа плюс бір сағат») пайдалану арқылы енгізілді. Еліміздің басым бөлігі іс жүзінде UTC+5 уақыт белдеуінде жатыр. Бұл уақыт белдеуі еліміз үшін жаңа немесе эксперимент уақыт белдеу емес. Бұл – бұрынғы уақытқа оралу үшін қабылданған тарихи шешім, - деді ол.
Арман Шаққалиев сөзіне нақты дәлелдер келтірді.
«Слайдта көрсетілгендей, (UTC+5 уақыт белдеуіне) Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қоса алғанда, ел аумағының 76%-дан астамы кіреді (15 млн 240 мың адам) – 67,5 градустан 82,5 градусқа дейінгі бойлық. Қазір әлемдегі 195 елдің 117-сі географиялық уақытты таңдады», - деді министр.
Министр әлеуметтік желіде әртүрлі пікір айтылғанын жоққа шығармады.
Бұл мәселеде арнайы білімі мен құзыреті жоқ адамдар әлеуметтік желілерде жағымсыз пікір қалыптастыруға тырысты. Олар күнделікті өмірі ыңғайлы болу үшін өз аргументтерін соған негіздеді. Петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобы барлық тұрмыстық аргументті қосымша зерделеп, денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін себеп-салдарлық байланысты таппады, - деді Арман Шаққалиев.
Ведомство басшысы бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петиция қаралғанын, бірақ бірыңғай уақыт белдеуін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Петицияны қарастырудың нәтижесінде стандартты сағат белдеуіне максималды бейімделу жағдайын жасауға бағытталған үәкілетті мемлекеттік органдарга айқын ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Осылайша, сағат белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім – ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды, - деді министр.