БҚО-да онкологиялық диспансер қызметкерлері жауапқа тартылды

Динара Амантай

Прокуратура медициналық ұйымдар қызметіне талдау жүргізді

Фото: Halyq Uni

БҚО-да онкологиялық диспансер қызметкерлері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық прокуратура медициналық ұйымдар тарапынан онкологиялық ауруға шалдыққан азаматтардың құқығын сақтау мәселелеріне талдау жасап, жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады.

Дәрігерлер Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережелерінің талаптарын сақтамаған. Оның ішінде, қатерлі ісікпен ауыратын және дене мүшелерінің қызметінде тұрақты кемістігі бар 58 адамға мүгедектік берілмеген. Медицина қызметкерлері белгіленген талаптарға қайшы әрекет ете отырып, оларды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібермей, азаматтардың конституциялық құқығының бұзылуына әкеп соқты, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазір онкологиялық науқастарды сараптамаға жіберу үшін прокурорлық қадағалау актісі бойынша материалдар дайындалып жатыр.

Заңбұзушылықтар үшін онкологиялық диспансердің кінәлі қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.