Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда крематорийлер мен колумбарийлер қалай жұмыс істейді

ДСМ тиісті бұйрық жобасын әзірледі

 Динара Амантай 19.11.2024 | 15:55
Қазақстанда крематорийлер мен колумбарийлер қалай жұмыс істейді
Фото: Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрлігі зираттар мен жерлеу объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға өзгертулер енгізеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Құжат зираттарды жобалауға, күтіп-ұстауға және пайдалануға, мәйіттерді жерлеуді және қайта жерлеуді ұйымдастыруға, жерлеу мақсатындағы объектілерге және шектеу іс-шараларын, оның ішінде діни объектілерде карантинді енгізу кезеңіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды айқындайды.

Жобаға сәйкес, заңға жаңа ұғымдар енгізілмек. Атап айтқанда:

  • жерлеу бюросы – бұл жерлеу мақсатындағы объектілерді құруға және пайдалануға, сондай-ақ жерлеу мен кремациялауды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты салттық, заңдық, өндірістік, салттық және басқа да ілеспе қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті қамтитын шаруашылықтың немесе оның субъектісінің саласы;
  • крематорий – қайтыс болған адамдарды кремациялауға (өртеуге) арналған пештермен жабдықталған технологиялық кешен;
  • колумбарий – қайтыс болған адамдарды кремациялаудан кейінгі күлі бар урналарды сақтау орны.

Колумбарийлер мен қайтыс болған адамдардың күлі бар урналар арнайы бөлінген жер учаскелеріне орналастырылуы керек. Оларды зираттар аумағынан тыс жерлерде тұрғын үйлерден, емдеу, балалар, білім беру, спорттық-сауықтыру, мәдени-ағарту мекемелерінің, бау-бақша серіктестіктерінің, коттедждік құрылыстардың, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің аумақтарынан кемінде 50 метр қашықтықта оқшауланған жер учаскелерінде орналастыруға жол беріледі, – делінген құжатта.

Сондай-ақ, жаңа талаптар бойынша от жағумен (кремациялаумен) айналысатын адамдар сіреспе мен сібір жарасына қарсы егілген, жеке қорғаныш құралдарымен – арнайы киім мен арнайы аяқ киім жиынтығымен (резеңке етік, резеңке қолғап, респиратор немесе ауыз бен мұрынды жабатын дәке таңғыш, комбинезон) қамтамасыз етілген болуға тиіс.

Қағидаларға енгізілетін осы және басқа да өзгертулер Ашық НҚА сайтында 2 желтоқсанға дейін қоғам талқысына ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама