Канада мен Дания дауға айналған аралдың мәселесін «вискимен» шешті
«Зиялылардың соғысы» аяқталды
Канада мен Дания Гренландияның жанында орналасқан Ганс аралының мәселесін шешті.
BBC агенттігінің хабарлауынша, бұл арал 1973 жылдан бері дауға айналған болатын. Арал Нэрса бұғазының дәл ортасында болған соң, оған біресе Канаданың азаматтары, біресе Данияның делегациясы келіп, мемлекеттік туларын іліп, арақ-шараптарын қалдырып, хаттарын жазып кетіп отыратын.
Сол себептен аралда мемлекеттік тулар ауысып жататын. Аралға Канаданың делегациясы барса, туды тігіп, оның жанына бір жәшік виски мен «Бұл арал Канаданыкі» деп хат жазып қалдыратын болған. Данияның азаматтары қарап қалмай, өз елдерінің туларын қадап, соның қасына канадалықтарға шнапсты немесе брендиді қойып, «Бұл арал Данияныкі» деген жазуы бар хаттар қалдырып жүрген. Бірақ, шекрашылар бір-біріне ешқашан оқ атпаған. Сол себептен ол зиялылардың соғысы немесе «вискилердің соғысы» деп аталған.
Енді «соғыс» аяқталып, шекара мәселесі шешілді. Екі елдің Сыртқы істер министрліктері қол қойған келісімге сәйкес, аралдың 60 пайызы Данияға, 40 пайызы Канадаға беріледі.
Осылайша, Канаданың Еуропа Одағымен құрлықтық шекарасы болады.