«Санитарлық талаптарға сай келмейді». 2 мыңнан аса өнім саудадан алынды
Биыл тамыздан бастап қауіпсіздікті бақылау жаңаша тәртіпте жүргізіледі
Қазақстанда сауда орындарында сатылымға шыққан 2 мыңнан аса тамақ өніміне қатысты санитарлық талаптар сақталмаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, биыл тамыздан бастап өнімнің қауіпсіздігін бақылау жаңаша тәртіпте жүргізіледі: алдымен бақылау мақсатында өнім сатып алынады да, кейіннен оған сараптама жүргізіледі.
5 мыңнан астам сынама тексерілді. Олардың 35%-ы стандарттарға сәйкес келмеді. 439 жедел ден қою шарасы қабылданып, 2 тоннадан астам өнім саудадан алынып тасталды, – деді министр Үкімет отырысында.
Ведомство басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігімен импорттық өнімнің 34 өндірушісіне қатысты күшейтілген зертханалық бақылау енгізілгенін жеткізді.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жұмыстары Ұлттық сараптама орталығының 84 аккредиттелген зертханаларында жүргізіледі. ЕАЭО-ға қатысушы елдердің шекарасы арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау іске асырылады. Бұл ретте 2 мыңға жуық тауар партиясының импорты тексеріліп, 177-сін әкелуге тыйым салынды, – деп қосты Ақмарал Әлназарова.
Сонымен бірге министр «сұр сертификаттар» деп аталатын заңсыз құжаттарға қарсы нормативтік-құқықтық актілерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.