Мектептерде тамақтандыру сапасы төмен облыстар аталды
Мониторинг нәтижесінде 800-ге жуық заңбұзушылық анықталды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрдің айтуынша, республикалық мониторинг қорытындысы бойынша атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылау жеткіліксіз болып отыр. Сондай-ақ ол мұны заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де анық аңғаруға болатынын атап өтті. Мониторинг тобы заң талаптарын бұзу бойынша 771 фактіні анықтаған.
Ведомство басшысы мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша кешенді бағалау жүргізілгенін атап өтті.
Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді. Оның нәтижесінде Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды. Қазір министрлік мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтап жатыр, – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Айта кетсек, бұған дейін министрлік талаптарды күшейтіп, білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты 7 нормативті-құқықтық актіні қайта қараған болатын.