Станциялардың эстакада бөлігінің құрылысында темірбетон жұмыстары аяқталды
Қытайдан LRT үшін жеңіл рельсті пойыздар сатып алынады, деп хабарлайды Halyq Uni Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, 19 жылжымалы құрам сатып алынады. Шығарушы ел – Қытай. Қазір жылжымалы құрамға тапсырыс беру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Осы орайда LRT құрылысының қай кезеңде тұрғаны да айтылды.
Станциялардың эстакада бөлігінің құрылысында темірбетон жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Есіл өзені арқылы көпір салынды. Атқарылған бетон құю жұмыстарының жалпы көлемі шамамен 450 мың шаршы метрді қамтиды. Сондай-ақ ұңғы қадаларды, тіректерді, құрастырмалы арқалықтарды орнату және монолитті арқалықтарды құю жұмыстары толығымен аяқталды, - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін әкімдік LRT депосының құрылысы басталғанын хабарлаған болатын. Ол халықаралық әуежайдың жанында орналасады және LRT жүйесіне техникалық қызмет көрсету және басқару орталығына айналады.
Пойыз операторларын жеңіл рельсті көлікте жұмыс істеуге үйрету үшін де алдын ала іріктеу жарияланды.