Балаларға қамқоршы қызметкерлер саны артып, жалақысы өседі

Ербол Тұрымбет

Заң қабылданған жағдайда әрбір 5 мың балаға бір қызметкерден келеді

Фото: Halyq Uni

Балаларды қорғау саласында тағы бір маңызды қадам жасалды. Бір жыл бойы дайындалып, күреспен жеткен қамқоршылық органдарының қызметкерлері санын нормативпен бекіту туралы түзету Үкіметте қолдау тапты. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның жазуынша, бұл түзету қызметкерлер санын балалар санына қарай көбейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде әрбір 5 мың балаға бір қызметкерден келеді.

Мысалы, Шымкентте қазір 500 мың балаға 5 қызметкер жұмыс істейді, ал түзетулерден кейін балалар санына сәйкес 90 қызметкер болуы керек. Бұл балалар құқықтарын қорғау жүйесін нығайтып, жедел әрекет етуге, құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жүйе салдардың орнын толтыруға емес, алдын алу шараларына бағытталады, – деп жазды ол.

Түзету былтыр желтоқсаннан бері әзірлене бастаған. Ал Үкіметтен қорытынды алу барысында 8 ай бойы жергілікті атқарушы органдармен қаржыландыру мәселесі, мемлекеттік органдармен жүзеге асыру жолдары талқыланған.

Түзету жетілдіру үшін бірнеше рет қайта қайтарылды. Пікірлер екіге жарылды. Нормативті тек бұйрық деңгейінде, ал құзыретті заңда бекіту ұсынылды. Алайда мұндай жағдайда оның орындаларына кепілдік жоқ еді және ең бастысы, қызметкерлер кез келген уақытта қысқартуға ұшырауы мүмкін еді. Бұған дейін мұндай жағдайлар болған. Ақырында ұзақ талқылаудан кейін, барлық ескертуді ескере отырып, түрлі нұсқа қарастырылғаннан кейін біз ұсынған редакцияда нормативі көрсетілетін болып қолдау тапты, – дейді Динара Зәкиева.

Оның сөзінше, жаңа заң жобасы жуырда Парламентте қаралады.

Айта кетерлігі, жергілікті қамқоршылық органдары – балалар құқықтарын жергілікті деңгейде қорғауға жауапты жалғыз уәкілетті орган.

2023 жылдың соңында елде 6,8 миллион балаға 303 қызметкер ғана жұмыс істеген. Түзету қабылданған жағдайда олардың сан 1350-ге дейін өспек.

Мысалы, біз ұсынған түзетуге сай Алматы облысында қазір 8 қызметкер бар, түзетулерден кейін өңірдегі бала санына орай 109 болады. Түркістан облысында шамамен 1 миллион балаға 19 қызметкер жұмыс істейді, бірақ 180 қызметкер болуы керек. Әр ауданда (70-ке жуық ауыл бар) 10-12 қызметкер қажет, – деп жазды Балалар омбудсмені.

Оның пайымынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік, өлтіру, бала өлімі сияқты ауыр қылмыстардың себептерінің бірі – уақтылы әрекет етпеу әрі мән бермеу, жауапты органдардың, әсіресе қамқоршылық және қорғаншылық органдарының жұмысының жеткіліксіздігі.

Алайда, 70 ауыл мен 58 мың баласы бар ауданға немесе жарты миллион бала шоғырланған қалаға небәрі 1-7 қызметкер жұмыс істесе, олар өз функцияларын сапалы орындай алмайды, тіпті баланың өзі немесе оның отбасы шалғай ауылда тұратын болса, оларға жету де мүмкін емес. Осы түзетудің қабылдануы бұл түйткілді жүйелі түрде шешуге тиіс.

Сонымен қатар, әкімдіктердің қолдауымен қамқоршылық қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға өсіру және оқыту жұмыстары жүргізілетіні қарастырылған.

Кеше Астана мен Қостанай облыстарында қайғылы оқиғалар болды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тиімді алдын алу жүйесі қажет, қамқоршылық органдары осындайда маңызды рөл атқарады. Марқұмдардың отбасыларына көңіл айтамын, – деді Динара Зәкиева.