Ресейден аса ірі көлемде алаяқтық жасаған қазақстандық экстрадицияланды

Динара Амантай

Қазір күдікті Петропавл қалалық тергеу изоляторына қамалды

Фото: Halyq Uni

Ресейден аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікті экстрадицияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті 2019-2020 жылдар аралығында кәсіпкерді алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы жалпы көлемі 53 миллион теңге мөлшерде арнайы техниканы, сондай-ақ өзіне тиесілі емес көлікті 35 миллион теңгеге сатып, ірі көлемде қаражатты жымқырған.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қашып кеткен, сол себепті оған халықаралық іздеу жарияланған.

Осы жылдың шілдесінде ол Санкт-Петербург қаласында ұсталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол елге экстрадицияланды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазір күдікті Петропавл қалалық тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.