Ол «Шетелдік үздік фильм» номинациясында бақ сынайды
Асхат КучинЧерековтің «Бауырына салу» фильмі Қазақстанның атынан 2025 жылғы «Оскар» сыйлығының «Шетелдік үздік фильм» номинациясына ресми түрде таңдалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл қуанышты жаңалықты фильм ұжымы Instagram парақшасында жазған.
Ауыл өмірі көптеген қиындық пен ауыр еңбектен тұрады. Жас ерекшелігіне қарамастан, ер балалар кішкентайынан шаруашылыққа ересектермен бірге араласады. Фильмнің бас кейіпкері Ерсұлтан әжесімен бірге тұрып, осындай өмірдің ауыртпашылығын сезінді. Бірақ оның әлемі әжесінің қайтыс болуымен мүлдем өзгереді... – деп жазылған фильм сипаттамасында.
Марапаттау рәсімі 2025 жылдың 2 наурызында Лос-Анджелесте өтеді. Бұған дейін, ақпанның 11-18 аралығында өтетін үшінші іріктеу кезеңінде әр номинацияның финалистері анықталады.
Егер «Бауырына салу» үздіктер қатарына енсе, Қазақстан тарихында «Оскар» сыйлығына ұсынылған екінші фильм болады. Бұған дейін 2008 жылы Сергей Бодровтың «Моңғол» фильмі осы номинацияда бақ сынаған еді.
Сонымен қатар, тағы бір қазақстандық туынды – «Шектеусіз үміт» фильмі Калифорния кинофестивалінде «Үздік қысқаметражды деректі фильм» номинациясында жеңімпаз атанған еді.