Қоғамдық орынды ластаушыларға 10 АЕК айыппұл салынады
Қызылорда облысында жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластаған 3 мыңнан астам тұрғын жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz жазуынша, облыс аумағын абаттандыру және көркейту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау деректері тіркеліп жатыр.
Статистика бойынша жыл басынан бері облыста қоғамдық орындарды ластағаны үшін ӘҚБтК-нің 434-2-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілікке 3560 адам тартылған. Олардың 226-сы бір жыл ішінде қайталап құқықбұзушылық жасағандар.
Қазір учаскелік полиция инспекторлары әр жұма, сенбі күндері күшейтілген бағытта мобильді топ шығарып жұмыс атқарып жатыр.
Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.