Мемлекеттік марапаттарға тағы 9 құрметті атақ қосылады

Халық үні

Оның ішінде «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы бар

фото: kaztag.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапаттар жүйесіне қосылатын құрметті атақтардың біреуін атады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында президент өз Жолдауында жұмысшы мамандық иелеріне, өнертапқыштар мен ғалымдарға құрметті атақ беруді ұсынғанын еске салды.

Мемлекеттік марапаттар жүйесін 9 құрметті атақпен толықтыру жоспарланып отыр. Соның ішінде «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы бар. Бұл – елімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне шынайы құрметтің белгісі. Қазір депутаттар тиісті заңдарға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырып жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ келесі жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болады.

Жыл бойы біз нағыз еңбек адамдарын жоғары деңгейде ұлықтайтын боламыз. Бұл қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу жылы болмақ, - деді президент.