Halyq Uni логотип
×

Бюджет қызметкерлері жалақысынан ақша үнемдеуге болмайды – президент

Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салуға қатысты ойын айтты

 Дәурен Ерболат 15.11.2024 | 16:55
Бюджет қызметкерлері жалақысынан ақша үнемдеуге болмайды – президент
Фото: Telegram/Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қызметкерлерінің жалақысынан ақша үнемдеуге болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында бюджет қаржысын тиімді пайдалануға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырғанын еске салды.

Әлбетте бюджет саясатында прагматизм қағидаты басты орында болуы керек. Бірақ әлеуметтік шығындардан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысынан, зейнетақы мен жәрдемақыдан үнемдеуге болмайды. Бұл – менің берік ұстанымым, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің форумында.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндетті ұдайы назарда ұстаған дұрыс.

Зейнетақы жүйесінің әлеуетін арттырудың, оны жетілдірудің тәсілдерін табу керек. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды. Орташа өмір сүру жасын біртіндеп ұлғайту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты жетістіктерінің бірі. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 75 жастан асты. Осы тұрғыдан алғанда аталған мәселе өзекті бола түседі, - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетік қызметкерлерге сыйақы беру мәселесіне тоқталды.

Жақында мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салынатыны туралы мәселе қызу талқыланды. Қаржы министрлігі оған тыйым салуға негіз жоқ екенін түсіндіріп берді. Мемлекеттік қызметшілер – елдегі жүйелі өзгерістердің басты жолбасшылары. Олардың табысы айтарлықтай көп емес. Кей кездері түнімен жұмыста отырады. Мемлекеттік қызметшілердің де отбасы мен міндеті, қала берді қарапайым адам ретіндегі қалауы мен жоспары бар.

Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын. Сыйақы аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді. Басқа жолмен мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартып, кадр тұрақсыздығы проблемасын шешу қиын», - деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама