Дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерге жеткен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Президент ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің форумында сөйлеген сөзінде пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тартылғанына назар аударды.
Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 милллиард теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жеткізіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерге жеткен.
Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктеріне бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істеуі маңызды.