Желтоқсанда көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие беріледі

Динара Амантай

Президент мемлекеттік субсидия көлемін азайту қажет деп санайды

Фото: Halyq Uni

Көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие желтоқсаннан бастап беріледі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің форумында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Президенттің айтуынша, көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі.

Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсаннан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады, – деді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған салаға жеке инвестициялар тарту керегін айтқанын еске салды.

Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.