Halyq Uni логотип
×

ШҚО-да мектеп-интернат гимназиясының екі есепшісі тергеліп жатыр

Олар 5 жыл бойы ақша жымқырды деген күдікке ілінді

 Динара Амантай 15.11.2024 | 15:35
ШҚО-да мектеп-интернат гимназиясының екі есепшісі тергеліп жатыр
Фото: Halyq Uni

Шығыс Қазақстан облысында мектеп-интернат гимназиясының екі есепшісі тергеліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Антикор мәліметінше, Жамбыл Жабаев атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат гимназиясының екі есепшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Олар алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық топ құрып, 5 жыл бойы карточкалық шоттарына асырылған көлемде жалақы және басқа да төлемдерді аудару арқылы 120 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, – делінген Антикор хабарламасында.

Ақпаратқа сәйкес, аталған дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр.

СЖҚА ақша жымқыру тәуекелдерін барынша азайту мақсатында барлық өңірде бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі енгізілгенін мәлімдеді. Қазір әкімдіктер ай сайын білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылық есептермен автоматты түрде салыстырып отырады. Кез келген сәйкессіздіктер екі рет тексеріледі.

Сонымен қатар, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық департаменттері биыл тамыздан бастап жалақыны негізсіз аудару тұрғысынан төлемдерді камералдық бақылауды іске асырады. Барлық күдікті операциялар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, білім басқармасына және аударым жасаған ұйымның өзіне талдау жасау үшін түседі.

Айта кетсек, 2023 жылдың басынан бастап аталған салада 297 қылмыстық іс жүргізілді. Қылмыс жасаған 406 адам әшкереленіп, оның ішінде 196 адам түрлі жазаға тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама