Ведомство сотқа апелляциялық шағым түсірді
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы бір отбасын өлтірген адамдарға қатысты сот үкімімен келіспей отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Еске сала кетсек, жантүршігерлік қанды оқиға 2023 жылдың 27 желтоқсанында Петропавл маңындағы Рабочий кентінде болған. Жергілікті кәсіпкердің үйінен үш адамның мәйіті табылған. Марқұмдар – Вадим Приходченко мен оның әйелі Юлия және олардың 17 жастағы ұлы Юра. Отбасы бірнеше жыл бойы жерлеу рәсімін ұйымдастыратын кәсіппен айналысқан, ал жасөспірім 11-сыныпта оқыған.
Прокуратура мәліметінше, Приходченко отбасын өлтіру фактісі бойынша E. есімді азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылса, О. 21 жыл 8 ай мерзімге, ал С. 3 жылға бас бостандығынан айырылған.
О. және С. азаматтарына қатысты жазаның жеңіл болуына байланысты облыстық прокуратура бұл үкіммен келіспеді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Осыған байланысты 2024 жылдың 12 қарашасында прокуратура облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді.
Айта кетсек, кеше марқұм болған кәсіпкердің қызы Татьяна Приходченко әлеуметтік желіде үндеу жасап, отбасын өлтірген адамдарға қатысты сот үкімімен ішінара келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, сот қылмыстық іс бойынша арандатушы ретінде айыпталған адамның жазасын негізсіз жеңілдеткен.