Президент Вьетнам Коммунистік партиясы өкілін қабылдады

Динара Амантай

Парламентаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңызы атап өтілді

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі Нгуен Суан Тхангты қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әңгімелесу барысында мемлекет басшысы бүгінде қазақ-вьетнам қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Президент Вьетнамға жасаған былтырғы ресми сапарын ықыласпен еске алды. Ханой сапары барысында жүргізілген маңызды келіссөздер екіжақты ынтымақтастыққа айтарлықтай серпін берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Вьетнам – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Қазақстан сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға дайын.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қазақстан мен Вьетнамның әлеуметтік-экономикалық дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламентаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылғанын құптады. Бұл құжаттың бірлескен ғылыми зерттеулерге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгты келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды әрі оны Астана халықаралық форумымен орайластыруды ұсынды.